Атырау қаласына жаңа әкім тағайындалды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының әкімі болып «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Данияр Таханов тағайындалды.
Данияр Таханов 1985 жылы Атырау қаласында дүниеге келген.
2003-2007 жылдары Қытай мұнай университетінде іскерлік әкімшілендіру мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2007-2009 жылдары аталған университетте экономика саласында магистратурада білім алып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.
Еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының Қытайдағы өкілдігінде мұнай жабдықтары бөлімінің менеджері қызметінен бастады.
2009-2010 жылдары «НГСК КазСтройСервис» АҚ-да жобаны басқару жөніндегі көмекші — халықаралық және арнайы жобалар бойынша бас директордың орынбасары қызметін атқарды. 2010-2011 жылдары осы компанияның Атыраудағы халықаралық және арнайы жобалар департаментінде сатып алу жөніндегі менеджер болды.
2011-2012 жылдары «КТК СЕРВИС» ЖШС бас директорының бизнес дамыту жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2012 жылы «Синопек Инжиниринг» компаниясының Атыраудағы филиалында өндірісті басқаруды ұйымдастыру жөніндегі инженер болып жұмыс істеді.
2012-2016 жылдары «Орал ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2016-2017 жылдары «Атырау Innovations» ЖШС директоры болды. 2017 жылдың қазан айынан бастап «Атырау» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметінде еңбек етті.
2022 жылдан бері «Атырау» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.
Бұған дейін Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қызметінен өз еркімен кеткен еді.