Атырау қаласының әкімдігі 10 калькуляторды 3,9 млн теңгеге сатып алмақ болған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруалығы бөлімі мемлекеттік сатып алу порталына 10 калькуляторды 3 млн 925 мың теңгеге сатып алмақ болып, тендер жариялаған. Бұл тендерге қатысуға 2 кәсіпкер қатысуға ниет білдіріп қойған.

госзакупки
Фото: freepik.com

Порталда жарияланған техникалық сипатта калькулятордың қандай болуы керектігі жөнінде ақпарат жоқ. Тек бухгалтерлік калькулятор екені көрсетілген. Ұтып алған мекеме 15 күн ішінде тауарды тапсырыс берушіге жеткізуі тиіс еді.

Дегенмен бұл тендер тоқтатылды. Тауардың бағасын жазған кезде мамандар қателік жіберген көрінеді. Бөлім қызметкері 8 сәуір жариялаған хабарландырудағы қатені бір күннен кейін байқап, тендерді кері қайтарып алған.

- Қазіргі уақытта жіберілген қателер түзетіліп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері бойынша жаңа хабарландыруды қайта жариялау жоспарланып отыр. Жалпы бөлім тарапынан 10 калькулятор сатып алуға 39 258 теңге қарастырылған, - деп мәлімдеді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Атырауда бекіре зауыты 147,4 млн теңгеге уылдырық сатып алмақ болғаны жөнінде жазған едік.