Атырау қаласының бір бөлігі мен елді мекендер жарықсыз қалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында бірнеше шағын ауданда электр жарығы өшіп қалды. Мұнайлы шаһарға іргелес орналасқан елді мекендерде де жарық жоқ. 

свет жоқ
Фото: Kazinform

Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, жарықтың сөнуіне ауа райының қолайсыздығы себеп болған.

«Атырауда жаңбыр жауып, екпінді жел соқты. Соның салдарынан Атырау қаласындағы «Авангард», «Нұрсая», «Жұлдыз-2» шағын аудандарында, Амангелді, Дамбы, Ақжар-1 ауылдарында электр жарығы өшті. Қазір Атырау қалалық электр желісінің арнайы бригадалары ақауды қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр», - деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.

Электр желісіндегі ақауды қалпына келтіруге 8 бригада, 11 көлік, жылжымалы зертхана тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау қаласындағы бір шағын аудан жарықсыз қалғанын хабарлаған болатынбыз.