Атырау маңындағы бірнеше елді мекен жарықсыз қалды

Бүгін Атырау қаласының маңындағы 5 елді мекенде жарық өшіп қалды. Қазір электр желісіндегі ақауды қалпына келтіруге екпінді жел кедергі келтіріп тұр, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облысының энергетика кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, электр желісіндегі ақауға дауылды жел себеп болған.
«Бүгін, 20 қарашада күн райының күрт өзгеріп, желдің күшеюі салдарынан «КСМ», «Химик», «Рыбник», «Железнодорожник», «Көкарна» елді мекендерінде электр қуаты сөнді. Қазір желдің екпіні 6 кВ-тық аспалы электр желісіндегі үзілген сымды қалыпқа келтіруге кедергі келтіріп тұр. Желдің жылдамдығы баяулаған кезде гидравликалық көтергішпен (АГП) ақауды қалыпқа келтіру жұмысы атқарылатын болады», – деп мәлім етті кешеннің баспасөз қызметінен.
Кеше, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жел екпіні күшейетіні туралы ақпарат таратып, ескерту берген еді.
««Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, 21 қарашада Атырау облысында оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып жел соғады. Түнде облыстың басым бөлігінде желдің күші секундына 18-23 метр, күндіз батыс бөлігінде секундына 15-20 метрге дейін жетеді», – деп хабарлаған еді департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске салайық, бүгін құйынды желден Атырауда бірнеше тұрғын үй мен ғимараттың шатыры ұшты. Көшеде ағаштар мен үйлердің кіреберісіндегі қүнқағарлар құлады.