Атырау мектептерінде ыстық тамаққа бөлінетін қаржы артты

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысындағы мектептерде оқушыларға тегін берілетін бір реттік ыстық тамақтың құны көтерілді. Білім беру басқармасы бұл өзгерісті ас мәзірін жақсарту, тағам түрлерін көбейту және балалардың күнделікті тамақтану рационының құнарлылығын арттыру қажеттілігімен түсіндірді.

мектеп асханасы
Фото: pixabay

Бұл мәселе 2025 жылдың соңында көтерілген еді. Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтитын кәсіпкерлердің бір тобы әр балаға ыстық тамақ беру үшін берілетін қаржы көлемін 1 мың теңгеге дейін көтеруді сұрады.

Тамызда өңірдің бас ұстазы кәсіпкерлердің ұсыныстары жан-жақты қаралғанын, баға өзгеріссіз қалатынын айтқан. 

Дегенмен облыс билігі бұл тақырыпты қайта қарағанға ұқсайды. Білім беру басқармасы оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты бір реттік тамақтану құнының артқанын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, 7–10 жас аралығындағы балалар үшін бір реттік тамақтану құны 720 теңгеден 799,39 теңгеге дейін, ал 11–15 жастағы оқушылар үшін 811 теңгеден 920 теңгеге, 16–18 жастағы өрендерге 863 теңгеден 983,85 теңгеге дейін өсті.

— Жаңа оқу жылына арналған ас мәзірі бекітілді. Балалардың жас ерекшелігі мен физиологиялық қажеттіліктері ескеріліп, бір балаға шаққандағы тамақтану құны да ұлғайтылды. Негізгі мақсатымыз — оқушыларды сапалы, құнарлы әрі қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету. Тамақтану құнының көтерілуі ас мәзірін жақсартуға, тағамдардың түрін арттыруға және балалардың күнделікті тамақтану рационының құнарлылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Тегін тамақпен облыстағы барлық мектептегі бастауыш сыныптың 57 302 оқушысы және 5-11 сыныптардағы әлеуметтік осал топтарға жататын 8 302 оқушы қамтылады.

Қазіргі таңда облыстағы 197 мемлекеттік білім беру ұйымында білім алушыларды бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі конкурстық негізде ұйымдастырылған. Бұл бағытта 32 жеке кәсіпкер қызмет көрсетіп отыр. Сонымен қатар 27 білім беру ұйымында тегін ыстық тамақтандыру азық-түлік өнімдерін сатып алу арқылы ұйымдастырылған. Бұл білім беру ұйымдарына асханаларда тағам дайындау процесін өздері ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын тиімді пайдалану және тамақтандыру қызметін жетілдіру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі де іске асырылуда. Қазіргі уақытта облыстағы 65 мектеп асханасы 20 кәсіпкерге жалға берілген.

Бұған дейін өңірге қарасты Жылыой ауданындағы № 20 мектептің тағдырына қатысты ата-аналардың алаңдаушылығы жөнінде жазған едік. Билік білім ошағы 2026–2027 оқу жылында жабылмайтынын мәлімдегенімен, оқушы саны азайса, кейін мектепке қатысты шешім қабылдануы мүмкін.