Атырау мұнай өңдеу өңдеу зауытында көмірсутек газы ауаға жіберілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытындағы бутендерді олигомеризациялау қондырғысынан көмірсутек газы ауаға жіберілді.
«АМӨЗ» ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөлімі оқиғаның кеше, 4 қыркүйекте болғанын растады.
«Атырау мұнай өңдеу зауытында 4 қыркүйекте сағат 21:30-да қондырғының Е-1604-жылу алмастырғыш аппаратынан газ шығуы себебінен бутендерді олигомеризациялау қондырғысы тоқтатылды. Туындаған жайтты жою жоспарына сәйкес реактор блогы жүйесін газ қалдықтарынан алау құбырына жіберу арқылы босату қажет болды. Алаудағы көмірсутек газы жанған кезде зиянды қоспалар түзілмейді. Құрамы бойынша бұл газ күнделікті өмірде қолданылатын тұрмыстық сұйытылған газға ұқсас. Бутенді олигомеризациялаудың технологиялық қондырғысы сұйытылған мұнай газының қанықпаған қосылыстарын полимер бензин мен полимеркеросинге айналдыруға арналған. E-1604 жылу алмастырғыш аппараты – химиялық реакциялардың тиімді жүруі үшін қажетті температураны ұстап тұруға көмектеседі. Содан кейін алынған олигомерлер әртүрлі мұнай өнімдерін, соның ішінде жанармай мен жоғары октанды отын компоненттерін өндіру үшін қолданылады», -деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімінен.
Кәсіпорындағы жағдай бақылауға алынған. Ауадағы күкіртсутек, азот диоксиді және күкірт диоксиді рұқсат етілген шекті нормалардан аспаған.
«Қазір газ жіберу фактісі жойылды. Қондырғыны іске қосу жүргізіліп жатыр. Технологиялық қондырғы штаттық өндірістік режимге шығады. АМӨЗ-де модернизациядан кейін күкірт диоксиді шығарындылары 12 есеге азайды. Tazalyq жобасын іске асырудың нәтижесінде зауыттың өнімділігі едәуір өсті. Мұнай шламын өңдеу көлемі айына орта есеппен 12 мың текше метрді құрайды. Ал, зиянды заттардың шығарындылары ең төменгі мәнге дейін қысқарды. Жетілдірілген тазарту жүйелері арқылы өтетін су булану өрістерінің тіршілігін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін ең қатаң экологиялық стандарттарға сәйкес келеді. Tazalyq жобасы судың сапасын жақсартып қана қоймай, аймақтағы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге жағдай жасады», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауыты ауаға 5,3 мың тонна ластаушы заттар шығарғанын жазған едік.