Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстары аяқталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстары аяқталып, бірнеше қондырғы белгіленген мерзімінен бұрын іске қосылды.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің ақпаратына сүйенсек, жоспарланған жұмыс мерзімінен бұрын сәтті аяқталған.
«Зауытта ЭЛТҚ-АВҚ-3, бензин мен дизель отынын гидротазарту құрамдастырылған қондырғысы, каталитикалық риформинг, күкірт өндіру, аралас күкірт өндіру, жеңіл газойльды гидротазарту, нафтаны селективті гидрогенизациялау және нафтаны гидротазарту қондырғылары белгіленген мерзімінен бұрын іске қосылды. Қазір мұнайды бастапқы өңдеуге арналған ЭЛТҚ-АҚ-2 қондырғысында іске қосу-баптау жұмыстары жүріп жатыр. Ал, каталитикалық крекинг, сұйытылған көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру және бутендерді олигомеризациялау қондырғыларын да іске қосу алдындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жабдықтар кезегімен технологиялық режимге шығарылып, өндіріс көлемі біртіндеп ұлғайтылады», - деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімі.
Зауыттан тауарлы дизель отыны жөнелтіліп жатыр. Ал, АИ-92 маркалы автобензинін жөнелтуге дайындау қолға алынған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын 1 қазанда Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстары басталған еді.
Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының қорында қанша жанар-жағар май барын хабарлаған болатынбыз.