Атырау мұнай өңдеу зауытының ашық алаңында күкірт жинаған компанияға айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау жұртшылығын мұнай өңдеу зауытының базасындағы  ашық алаңда күкірттің жиналғаны алаңдатқан еді. Осыған байланысты жергілікті экологтар зауытқа жоспардан тыс тексеру жүргізіп, күкірт сақтаған компанияға айыппұл салынды. 

Атырау мұнай өңдеу зауыты
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 14 қарашада ашық алаңдағы күкіртке байланысты ұжымдық хат түскен.

«Соның негізінде «АМӨЗ» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Зауыт мүлікті жалға алу шарты бойынша «Trade Oil Resource» ЖШС-ға базаның бір бөлігін жалға берген. Ал, «Trade Oil Resource» ЖШС күкіртті сақтаушы және тасымалдаушы болып отыр. Осыған орай, «Trade Oil Resource» ЖШС-ға да жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Базаның жалға алынған аумағында қалдықта арнайы белгіленген және жабдықталған жерден тыс бөлігінде жиналған. Кей тұсында шашылып жатыр. Теміржол бойында жер үстіне күкірттің шашылғаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тексеру қорытындысымен «Trade Oil Resource» ЖШС-ға шағын кәсіпкерлік субъекті екендігі ескеріліп, қысқартылған іс жүргізу тәртібімен жалпы сомасы 738 мың 400 теңгені құрайтын айыппұл салынған. Айыппұл қаржысы толық өндірілген. 

«Департамент тарапынан «Trade Oil Resource» ЖШС-ға ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талабына сәйкес, бұзушылықты жою туралы бірнеше нұсқама берілді. Оның ішінде база аумағындағы күкірт салатын полиэтиленді қаптарды, целофандарды жинау тапсырылды. Ал, жер үстінде шашылған түйіршіктелген күкіртті тазалау ұсынылды. «Trade Oil Resource» ЖШС база аумағынан 2025 жылдың 28 ақпанына дейін күкіртті түгел шығарып, базаны «АМӨЗ» ЖШС-ға кері тапсыру, зауыт басшылығы базаны қабылдаған соң, оны өз қажетіне пайдалану міндеттелді», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ашық алаңда күкірт жинаулы тұрғанын жазған едік. 

Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытынан ашық алаңда сақталған күкірт өндірістік қалдық емесін мәлім етті. 

Соңғы жаңалықтар