Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры ауысты
АСТАНА. KAZINFORM – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің бас директоры (Басқарма төрағасы) қызметіне Мұратжан Мұсайбеков тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы.
Тиісті шешім «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды. Жаңа басшыны кәсіпорын ұжымына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов таныстырды.
Мұратжан Мұсайбеков еңбек жолында «ҚазМұнайГаз» жүйесінде бірқатар басшылық қызметтерді атқарған. Атап айтқанда, мұнай-газ өңдеу және мұнай-химиясы жобаларын іске асыру жөніндегі директор, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директор, «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының орынбасары, «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған. Сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда қызмет атқарған.
«ҚМГ басшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытының алдына операциялық тиімділікті арттыру, жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігін күшейту, экологиялық жобаларды жалғастыру және қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету міндеттерін қойды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен кәсіпорынның бұрынғы бас директоры (Басқарма төрағасы) Қуаныш Бишімовтің өкілеттігі тоқтатылды.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі аппаратының басшысы тағайындалғаны хабарланды.