Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директорына 6,9 млн теңге айыппұл салынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасында «АМӨЗ» ЖШС-нің бұрынғы бас директорына қатысты үкім қайта қаралды.

Атырау қаласындағы №2 сотының үкімімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігімен (Салғырттық, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адамның өз мiндеттерiн қызметiне адал қарамауы салдарынан тиісінше орындамауы, абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы) бойынша кінәлі деп танылған еді. Алайда аталған құжаттың 71-бабының 1-бөлігіне сәйкес ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
– Іс апелляциялық алқаға адвокаттардың, қорғаушылардың, азаматтық жауапкер өкілінің шағымдары және прокурордың өтінішхаты бойынша түсті. ҚР Қылмыстық кодексінің 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 371-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыс болып саналады, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот алқасы тараптарды тыңдап, іс материалдарын зерттеді. Аталған іс бойынша ескіру мерзімі өтпеген деген қорытындыға келді.
– Бірінші саты сотының үкімі өзгертіліп, сотталушыға ҚР Қылмыстық кодесінің 371-бабының 2-бөлігі бойынша 6,9 млн теңге (2023 жылға 2 000 АЕК) көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Сот үкімінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылды, - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директорынан 2 млрд теңге залал өндірілетінін хабарлаған болатынбыз.