Атырау мұнай өңдеу зауытының маңындағы көшеттерге лас су құйылған ба

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында егілген көшеттерге лас су құйылған. Бірақ бұл деректі кәсіпорынның баспасөз қызметі жоққа шығарды.

Атырау мұнай өңдеу зауыты
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Бүгін әлеуметтік желіде мұнай өңдеу зауытының төңірегіндегі көшеттерге лас су құйылғаны туралы видео жүктелді. 

Атырау мұнай өңдеу зауыты баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, көшеттерге құйылатын су Жайық өзенінен алынады. 

— Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаның нақты қашан түсірілгені белгісіз. Алайда, бір нәрсе анық — зауыттағы суару жүйесінің мұнай өнімдерімен ешқандай байланысы жоқ. Жасыл белдеудегі тал-теректі суару үшін су Жайық өзенінен алынады. Көктемгі алғашқы суару кезінде судың түсі уақытша күңгірттенуі мүмкін. Су құрамындағы органикалық заттар мен түрлі табиғи тұнбаның болуына байланысты оның түсі өзгеріске ұшырайды. Бұл жағдай тал-терекке ешқандай зиянын тигізбейді. Осыған байланысты таралған ақпараттың негізсіз екенін мәлімдейміз. Жалған мәліметтерге сенбеуге және тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырамыз, — деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында кәріз суы ағып жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар