Атырау облысы әкімінің грантымен жоғары білім алған 13 дәрігер жұмысқа орналасты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл Атырау облысы әкімінің грантымен жоғары білім алған 13 дәрігер жұмысқа орналасты. 

больница, медицина, врачи, аурухана, дәрігер
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың мәліметінше, 2017 жылдан бері мектеп бітірген түлектерге әкімнің білім гранты беріле бастаған.

«Өңірде дәрігер тапшылығы мәселесін оң шешу үшін 2017 жылдан бері медицина саласын таңдаған түлектерге 616 грант бөлінді. Ал, 2018 жылдан резидентура бағдарламасымен білім алғысы келген мамандарға грант қарастырылды. Атырау қаласындағы емдеу мекемелерінде жұмыс істеуге ниетті мамандарға 5 млн теңге, аудан орталығына барған дәрігерлерге 8,5 млн теңге бір реттік жәрдемақы беріледі. Ал, шалғайда орналасқан елді мекендерде жұмыс істейтін дәрігерерге берілетін жәрдемақының мөлшері 10 млн теңгеге жетті. Қазір медицина мамандарын баспанамен қамтуға арналған өңірлік бағдарлама іске асырылып жатыр», - дейді Алмагүл Әбілова.

Оның дерегіне қарағанда, биыл дәрігер болуды қалаған 113 жасқа облыс әкімінің гранты берілген. Оның ішінде 82 түлек бакалавриатта, ал, 31 жас резидентурада оқып жүр.

Облыс әкімінің грантымен резидентураны бітірген жас маманның бірі – Қуаныш Құбайдоллаұлы. Қазір ол облыстық кардиология орталығына жұмысқа орналасқан.

«Облыс әкімінің грантына 2021 жылы ие болған едім. Білімімді Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде реаниматолог мамандығы бойынша резидентурада жалғастырдым. Қазір облыстық кардиология орталығында дәрігер- анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істеймін. Жергілікті атқарушы орган тарапынан жастардың жоғары білім алуына осындай қолдау көрсетілсе, кадр тапшылығы мәселесі шешімін табады», - дейді Қуаныш Құбайдоллаұлы.

Дәрігердің айтуына қарағанда, кардиология орталығында жүрекке күрделі оталар жасала бастаған. Орталық дәрігерлері күн сайын 3-4 ота жасайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраулық түлектерлерге облыс әкімінің 148 білім гранты бөлінгенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар