Атырау облысына 7 мың тоннадан астам сұйытылған газ жеткізілген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысына ақпан айына 7 290 тонна сұйытылған газ жеткізілді. Жергілікті әкімдік Энергетика министрлігінен тағы 3 мың тонна газ сұрағалы отыр.

Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің мәліметінше, 101 газ құю бекеті бар.
– Атырау облысына ақпан айына 7 300 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінді. Қазір арнайы бекеттерге 7 290 тонна газ жеткізілді. Ішкі нарықтағы газ қажеттілігін қамту үшін Энергетика министрлігінен тағы да 3 мың тонна газ сұратылады, - деп хабарлады Айдулат Кенжебеков.
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, Атырау облысында бұрыннан бар сұйытылған газ арнайы бекеттерде 59 теңгеден сатылып жатыр. Ал ақпанда жеткізілген газ жаңа бағамен сатылады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын 1 ақпаннан бастап Қазақстанда автомобиль газының бағасы өскені хабарланған болатын.