Атырау облысына биыл 100 мыңнан аса турист келді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысына жыл басынан бергі 10 айда 112,3 мың турист саяхаттап келген. Туристердің басым бөлігі – Қазақстанның азаматтары.

туризм
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризмді дамыту басқармасының бас маманы Жаннат Сабырғалиеваның айтуынша, алдағы жылы өңірде туризмді дамыту мақсатында бірнеше іс-шараны қолға алу жоспарланған.

— Биыл Атырау облысына 112,3 мың турист келді. Оның ішінде 95 мыңға жуығы — ішкі туримнің қатысушылары. Ал, 18 мыңы — сырттан келген турист. Өңірде туризмнің мәдени-танымдық, балалар-жасөспірімдер, медициналық, іскерлік, экологиялық бағытын дамытуға мол мүмкіндік бар. Алдағы жылы туристік аймақтарға ақпараттық турлар, лотос өсетін аумақта фестиваль өткізу жоспарланып отыр, — деді Жаннат Сабырғалиева.

Оның пікірінше, әсіресе, шетелдік туристердің қызығушылығын тудыратын бірнеше бағыт нақтыланған. Соның бірі — Махамбет ауданындағы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы. Дәл осы нысанға жыл басынан бері 14 мыңнан аса турист барған.

Енді Түркістан облысымен арада туристік бағытты жандандыру көзделіп отыр. Атырауда осыған байланысты «Түркістан — түркі әлемінің рухани орталығы» атты роуд-шоу өтті. Жергілікті туроператорлармен өткен іскерлік кездесуде Түркістанның туристік әлеуеті, туристік бағыттар таныстырылды.

— Бұл кездесудің мақсаты — тәжірибе алмасу, екіжақты байланыс орнату, туристерді өңірге тартудың қыр-сырымен бөлісу. Мұндай жұмыстар бізде жүйелі түрде жүргізіледі. Соның нәтижесінде өңірімізге инвесторлар тартылды. Жаңадан туристік нысандар ашылды, — деді Түркістан облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы Ботагөз Мауленова.

Жиын соңында «Visit Atyrau» туристік орталығы мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылы жабылғаны хабарлаған еді. 

Соңғы жаңалықтар