Атырау облысында 14,5 мың адам жұмыссыздар есебінде тұр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында ресми жұмыссыздар есебінде 14,5 мың адам тұр. Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Оның 2,5 пайызын жастар құрап отыр. 

жұмыс
Фото: freepik.com

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар және еңбек ахуалының жай-күйі талқыланған жиын өтті. Оған Атырау қаласы мен 7 аудан әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен өңірдегі бірқатар компанияның өкілдері қатысты.

Атырау облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығының басшысы Қайрат Омаровтың мәліметінше, мансап орталықтарына 2507 адам жұмыспен қамту мәселесіне байланысты жүгінген. 

– Жұмысыздардың ішінде 2 143 адамға қолдау көрсетілді. Ал, жұмысынан айырылған 1 282 адам жәрдемақы алды. Тұрақты жұмыспен 861 адам қамтылды. «Теңіз» кен орнындағы жобаның құрылыс жұмыстары аяқталуына байланысты Атырау облысынан 4 мыңнан астам адам жұмыстан босатылды. Осыған байланысты мұнай компаниясының қолдауымен қайта даярлау курстары ұйыдастырылып, 6 мамандық бойынша 225 адам біліктілігін жетілдірді. Қазір жұмыссыздар есебінде 1 188 инженерлік-техникалық қызметкер тіркелді, - деп хабарлады Қайрат Омаров. 

Оның дерегіне қарағанда, 2025-2029 жылдары жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға жұмыссыздар есебіндегі 1 188 инженерді қайта даярлау курстарында оқытып, жұмыспен қамтуға толық мүмкіндік бар. 

– Жұмыссыздардың санын азайту үшін қолға алынған істің бірі – нарыққа қажетті маман иелерін анықтау. Мансап орталықтары 122 ірі кәсіпорынға хат жолдап, қажетті мамандардың тізімін жасақтайды. Соның қорытындысына сәйкес жұмыссыз жүргендерді қызметпен қамту жоспарланып отыр, - деді Қайрат Омаров. 

Әкім орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, басқармалар кадр санын жоспарға сай көбейтуі қажет. 

– Өңірдегі ірі инвестициялық жобаларда жергілікті мамандардың жұмысқа орналасуын ұйымдастыруға басымдылық берілуі керек. Әсіресе, пробация есебінде тұрғандар мен жазасын өтеп шыққан азаматтарды жұмыспен қамту шарасына мән берген жөн, - деді Жасұлан Бисембиев. 

Статистикалық мәліметке сәйкес жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Оның ішінде жұмыссыз жастардың үлесі – 2,5 пайыз. Биыл 11 айда 18 мың 808 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артты. Қазір 14 мың 555 адам ресми жұмыссыз ретінде есепке алынған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысына көшіп келген 239 этникалық қазақ қандас мәртебесін алғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар