Атырау облысында 2 309 адам қызылша жұқтырған
Атырау облысында былтырғы 2 наурыздан бері 6 998 адамда алғашқы диагнозбен қызылшаны жұқтыру күдігі анықталған. Кейін зертханалық талдау қорытындысымен 2 309 адамның аталған дертті жұқтырғаны дәлелденді, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қызылша дертін жұқтырудың алғашқы дерегі былтырғы 2 наурызда тіркелген.
«Биылғы 7 қаңтарға дейін зертханалық талдау нәтижесімен 2 309 адамнан қызылша ауруы анықталды. Науқастардың арасында басқа ел мен қалалардан келген 8 адам бар. Оның ішінде Түркиядан 3, Тәжікстаннан 2, Біріккен Араб Әмірлігінен 1, Алматы қаласынан 1, Астанадан 1 адам қызылшаны жұқтырып келген», - дейді департамент өкілі Айкөркем Нұрғалиқызы.
Оның айтуынша, қызылша жұқтырғандардың басым бөлігі — 1-14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 80 пайызының қызылшаға қарсы вакцина алмағаны анықталып отыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрынАтыраудағы өртте күйіп қалған үш айлық сәби ауруханада көз жұмғанын жазған едік.