Атырау облысында 3 көлік соқтығысып, шетелдік жолаушы көз жұмды

жол апаты
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 3 көлік соқтығысты. Жол апатының салдарынан шетелдік 1 жолаушы көз жұмды.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін, 15 маусымда болған.

«Жол апаты таңертеңгі сағат 06:30 шамасында Атырау-Доссор тас жолының бойында тіркеліп отыр. Бір мезгілде үш көлік – КамАЗ, ПАЗ – 32053 және Daewoo Nexia соқтығысты. Жол апатының салдарынан Өзбекстан Республикасында тіркелген Daewoo Nexia автокөлігіндегі 1 жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Марқұм – Өзбекстан Республикасының 1973 жылғы азаматы», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

жол апаты
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Белгілі болғандай, үш көліктің бірі – КамАЗ жол жиегіндегі суға құлаған. Бұл жолдың бойына тасқын су тіреліп тұр. Жол апаты тіркелген тұста 496-теміржол бекеті бар.

Ал, патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол апатына қатысты тергеу жүргізуді бастады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 56 адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, ерлі-зайыпты жол апатынан мерт болғанын жазған едік.

жол апаты
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

 

Соңғы жаңалықтар
telegram