Атырау облысында 38 млн теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 38 млн теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды.
Атырау облысының прокуратурасы мәлім еткендей, Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылдық округінің әкімі «Первомайский» ЖШС-ға понтонға орнатылған су насосы стансасын тендер өткізбей, сенімгерлікке бергені анықталған.
«Махамбет ауданы прокуратурасының талдауының нәтижесінде шаруашылық субъектісі понтондық стансаны мемлекетке зиянды түрде қолдануды жалғастырып келген. Осыған байланысты Махамбет ауданының әкіміне заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс беріліп, аталған мүлік мемлекетке қайтарылды. Бейбарыс ауылдық округінің әкімі мен есепшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы мұнай компаниясына 13,6 млрд теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.
Прокуратураның мәліметінше, «Каспий нефть» АҚ 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану кезінде 4500 тоннадан астам қауіпті қалдықтарға жинақтау лимитін алмағаны анықталған. Прокурордың ұсынысын қарау нәтижесінде Атырау облыстық сотының сот алқасының 2 шілдедегі қаулысымен «Каспий нефть» АҚ ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 684 868 730 теңге айыппұл салынды.
Мұнай компаниясынан өндірілген айыппұл Ұлттық қорға аударылған.