Атырау облысында 4 айда 39 мың жүргізуші жылдамдықты шектен тыс асырған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 4 айда 39 мың жүргізушінің жылдамдықты шектен тыс асырғаны анықталған.
Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1 ақпанда «Кибер Шериф» ақпараттық борттық бағдарлама іске қосылған.
«Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері аталған бағдарламамен қамтылған арнайы 28 көлікпен жолдағы қауіпсіздікті қадағалап жүр. Мәселен, төрт айда аталған құрылғымен 39 мыңнан астам жүргізушінің жылдамдықты шектен асырғаны тіркеліп отыр. Оның ішінде 16 мыңнан астам жүргізуші сағатына 130-дан 180-ге дейінгі жылдамдықпен жүргені анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтауы ескертіп отыр.
«Жылдамдықты шамадан тыс асырмау қажет. Өйткені бұл жүргізушінің де, көліктегі жолаушылардың да өміріне қауіп тудыруы мүмкін. Сол себептен адам өміріне немқұрайлы қарамаған жөн», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, 6 мамырдан бері біржолақты жолды кесіп өткен 42 жүргізуші 6 айға көлік басқару құқығынан айырылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 17 жол оқиғасы болғанын жазған едік.