Атырау облысында 4 айда 48,6 млн теңгенің жалақы берешегі өндірілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері жұмыс берушілер 48,6 млн теңгенің жалақы берешегін өтеген.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Атырау облысы бойынша департаментіне 4 айда жұмысшылардан 788 өтініш түскен. Осы кезеңде 752 өтініш қаралып, 402 азаматтың конституциялық құқығы қорғалған.
– Азаматтардан түскен өтініш негізінде кәсіпорындарға тексеру жүргізу, нұсқама енгізу, әкімшілік іс қозғау секілді шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде 10 компаниядан 11,4 млн теңге жалақы берешегі өндіріліп, 14 жұмысшының еңбек құқығы қорғалды. Жұмыс берушілерге тиісті түсіндіру жүргізу арқылы 18 жұмысшының 37,2 млн теңге жалақысы өндіріліп, арыздары өтініш хат негізінде қараусыз қалдырылды, - дейді департамент басшысы Игілік Әубәкіров.
Еңбек инспекторлары 4 айда жұмыс берушілерге 93 тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысымен 99 еңбек заңдылығын бұзу дерегі анықталған.
– Заң бұзушылықтарды жою туралы жұмыс берушілерге 62 нұсқама берілді. Ал 47 заңды тұлға әкімшілік іс қозғалып, 8,6 млн теңге айыппұл салынды. Еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуді сұрап, департаментке жүгінген 827 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді, - деп мәлім етті Игілік Әубәкіров.
Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық заңгер компаниядан 6,1 млн теңге жалақысын өтеуді талап еткенін хабарлаған едік.