Атырау облысында 4 ұңғыма су астында қалған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 4 ұңғыма су астында қалғаны анықталды.
ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінен мәлім еткендей, 3 ұңғыманы Қызылқоға, ал, біреуі Мақат ауданында орналасқан.
«Атырау облысындағы «Қайнармұнайгаз» басқармасының «Шығыс Уаз» кен орнында 3 ұңғыма бар. Бұл – №101, №106, №116 ұңғымалар. Қазір ұңғымаларды қорғау бөгетінің жанына төселген құм салынған қаптардың үстіне топырақ төгіліп жатыр. Суды Сағыз өзеніне НБ-50 сорғымен айдау жұмыстары жүргізілге 4 адам мен 2 арнайы техника тартылды», - деп хабарлады.
Ал, «5А Ойл» ЖШС-нің «Жаңа Мақат» кен орнындағы №Е7 ұңғымасына топырақ төгу және қалпына келтіру жұмысы аяқталған.
«Аталған ұңғымалар қорғау үшін төгілген топырақ уақытында тығыздалды. Атырау облысының өзге кен орындарындағы жағдай тұрақты бақылауға алынып отыр», - деп мәлім етті өңірлік департаменттен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Береке, Алмалы, Бесікті ауылдарын су басуы мүмкін екенін жазған едік.