Атырау облысында 60 ауылдың оқушылары мектепке тасымалданады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 60 ауылдың оқушыларын мектепке тасымалдау жоспарланып отыр. Осы мақсатқа 21 автобус сатып алынады.

Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, оқушыларға орта білім беретін 204 мектеп бар.
«Биыл 14 700 оқушы бірінші сыныпқа қабылданады. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушылардың 85%-ы қазақ сыныбын таңдап отыр. Ал, 15%-ы орыс сыныбында оқуды көздеген. Өңірдегі мектептерде 58 600 оқушы ыстық тамақпен қамтылады», - деді Орынтай Биманова.
Оның дерегіне қарағанда, Жылыой ауданында су тасқынынан 10 мектеп зардап шеккен. Қазір 7 білім ордасына орташа, 1 мектепте күрделі жөндеу жұмысы басталған. Бұл ауданда жаңадан 2 мектеп салынады.
«Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 7 385 оқушы тіркеліп отыр. Ал, 60 елді мекендегі 5 821 оқушы білім ордасына тасымалданады. Бұл үшін 21 автобус сатып алынады», - деп мәлім етті Орынтай Биманова.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облыстық білім басқармасының басшысы тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.