Атырау облысында 7 айда 2247 адам қызылша жұқтырған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 7 айда 2247 адамның қызылша жұқтырғаны анықталған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 9,5 есеге артқан. 

Қызылша
Фото: Астана әкімдігі

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратованың айтуынша, биыл 7 айда қызылша жұқтырудың 2247 жағдайы анықталған.

«Жыл басынан бері қызылшаны жұқтырғандардың 85 пайызы – 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцина салдыру. Облыста балаларға қызылшаға, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу көзделіп отыр. Бұл вакцина дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған. Мұндай вакцинаны алу тиімді және қауіпсіз болады. Елімізде қызылшаға қарсы вакциналау ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 1 жастан 6 жасқа дейін жүргізіледі», - дейді Алтынгүл Аймұратова.

Оның пікірінше, туа біткен иммунитет балаларға берілмейді. Сол себептен, балалар жұқпалы ауруды жұқтыруы мүмкін. Жыл басынан бері 27 090 адам қызылшаға қарсы вакцина алған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 1 жылда 24 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болғанын жазған едік