Атырау облысында 7 айда 72 адамнан қатерлі өкпе обыры табылған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 7 айда 72 адамның өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққаны анықталып отыр.

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына қарағанда, облыстық онкология диспансерінде өкпенің қатерлі ісігін ерте диагностикалау бойынша ашық есік күні басталған. Ал, дәрігер-онколог Гаухар Қаришованың дерегіне сүйенсек, бұл ауруға 40 жастан асқан тұрғындар шалдығады.
«Ашық есік күндерінің мақсаты – тұрғындарды қатерлі ісіктердің қаупі мен даму факторлары, ерте диагностикалау мүмкіндіктері, әсіресе, өкпе обырын ерте анықтаудың маңызы туралы хабардар ету. Статистикаға сәйкес, былтыр Атырау облысында 59 адамнан өкпенің қатерлі ісігі анықталды. Ал, биыл жеті айда бұл ауруға шалдыққан науқастар саны 72 адамға жетті», - дейді Гаухар Қаришова.
Оның айтуынша, өкпе обырының бірнеше белгісі бар. Бастапқыда ұзақ мерзімді жөтелмен басталады.
«Жөтел алдымен құрғақ күйінде болады. Содан кейін жеңіл қақырық түседі. Кейде қан араласқан қақырық болуы мүмкін. Осындай белгі байқалған адам дер кезінде ем қабылдамаса, қақырық іріңге айналады. Науқастың дене температурасы көтеріліп, оған әлсіздік пен ентігу қосылады. Кейін қатерлі ісік пневмониясына ұласады. Ал, қатты асқынған жағдайда дауыс қарлығып, жүрегі немесе қолында ауырсыну байқалады. Беті көгеріп, ісінеді. Мойынында, қолы мен кеуде қуысының тамырларында ісік пайда болады», - деді Гаухар Қаришова.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда қарақұрт шаққан 13 адам ауруханаға түскенін хабарлаған болатынбыз.