Атырау облысында «Алтын алқалы» ананы тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 7 баласы бар «Алтын алқалы» ана 2016 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған. Алайда, Мақат ауданының әкімдігі күйеуінің атына тіркелген үйді сылтауратып, көп балалы ананы баспана алу кезегінен шығарып тастаған.
Көпбала ана әкімдіктің бұл ұйғарымымен келіспей, Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсірген.
«2016 жылы 7 баланың анасы тұрғын үй комиссиясының шешімімен «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатына алынып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж азаматтарға баспана алу кезегіне қойылған. Алайда, 2 жылдан кейін тұрғын үй комиссиясы көпбалалы ананы Атырау облысының Мақат ауданында күйеуінің атына тіркелген үйін алға тартып, кезектен шығарған. Осыған байланысты әйел Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотына шағым түсірді. Шағымда Мақат ауданының әкіміне және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өзіне қатысты хаттамалық шешімнің бір бөлігін заңсыз деп тану, «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы әлеуметтік қорғалатын осал топтарға жататын тұрғын үйге мұқтаж ретіндегі бұрынғы кезегін қалпына келтіруді міндеттеу туралы талабын қойды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Жергілікті сот істі зерттей келе, бірнеше жайтты анықтады. Біріншіден, талап қоюшының көпбалалы ана екені расталған. Екіншіден, 7 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелегені үшін «Алтын алқамен» марапатталған. Үшіншіден, оның отбасы «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататыны анықталып отыр.
«Сот талап қоюшының отбасымен бірге тұратын үйі Мақат ауылынан 22 шақырым жерде орналасқандықтан, мүмкіндігі шектеулі баланы үйде оқыту үшін облыс орталығынан пәтер жалдауға мәжбүр болғанын ескерді. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 73-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес «Алтын алқа» алқасының иегері мемлекет есебінен тұрғын үй алғанға дейін есептен шығаруға жатпайды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.
Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына осыған байланысты көпбалалы ананың талабын ішінара қанағаттандырды. Әкімдік бөлімінің талап қоюшыға қатысты хаттамалық шешімінің бір бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Сот бөлімге талап қоюшының бұрынғы кезегін «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне енгізуді қалпына келтіруге міндеттеді.
Ал, Жоғарғы Сотттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жергілікті соттың қорытындысымен толық келісті. Сөйтіп, жауапкерлердің кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көп балалы ана тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарылғанын жазған болатынбыз.