Атырау облысында аудандық білім бөлімінің басшысы пара алу күдігімен ұсталды
Атырау облысында Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы пара алу күдігіне ілінді. Қазір күдікті үй қамаққа алынды, деп хабарлайды Kazinform.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы пара алу күдігімен ұсталған.
«Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты «үй қамағына алу» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
«Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда емхана директоры қамауға алынғанын хабарлаған едік.