Атырау облысында Ауған соғысының 435 ардагеріне 150 мың теңгеден бір реттік көмек берілді

жәрдемақы
Фото: Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысынан Ауған соғысына 782 адам қатысқан. Қазір 435 ардагер қалған. Оларға 150 мың теңгеден бір реттік көмек берілді. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, бұл мақсатқа бюджеттен 65 млн 250 мың теңге бөлінген.

«Қазір Атырау облысында Ауған соғысына қатысқан 435 ардагер тұрады. Оның ішінде 44 адамға әр түрлі топтағы мүгедектік санаты берілген. Олардың өмір сүру деңгейі, тұрғын үйі және әлеуметтік, материалдық жағдайы зерделеніп, қолдау көрсету үшін арнайы іс-шаралар жоспары жасақталды. Биыл Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай әр ардагерге 150 мың теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек беру ұйғарылды», - деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.

 
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ауған соғысына қатысқан атыраулық ардагер елге аман оралсақ деген үмітін үзбегенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар