Атырау облысында ауласына марихуана өсірген тұрғын ұсталды

марихуана
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облысында үйінің ауласына марихуана өсірген тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Махамбет ауданында тұратын 54 жастағы тұрғын үйінің ауласына тиым салынған өсімдікті өсірген.

– Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2023» іс-шарасы кезінде Махамбет ауданының 1969 жылғы тұрғыны тыйым салынған өсімдіктерді шағын алқап түрінде егіп-өсіргенін анықтады. Күдіктінің тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде ауласынан 31 дана ерекше иісі бар өсімдік пен кептірілген есірткіге ұқсас заттар тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленіп алынған заттар марихуана есірткісі екені анықталды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

есірткі
Фото:Атырау облыстық полиция департаменті

Қазір полиция қызметкерлері аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігімен (Өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттар бар басқа да өсiмдiктердiң сұрыптарын егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәкес жариялауға жатпайды.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауға жұмысқа тұруға келген БҚО тұрғынынан 1,5 мың доза есірткі тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар