Атырау облысында бір жылда 65 есірткі қылмысы тіркелген
Былтыр Атырау облысында есірткі қылмысымен байланысты 65 дерек анықталған. Заңсыз айналымнан 14 мыңға жуық дозасы бар 4 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өткен жылы есірткі қылмысына қатысты 127 құқық бұзушылық анықталған.
«Облыс аумағында есірткі қылмысымен күресті күшейту мақсатында бірқатар іс-шаралар қабылданды. Өткен жылы есірткімен байланысты 127 құқық бұзушылық тіркелді. Полиция қызметкерлері 65 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 14 дозаға жуық 4 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, профилактикалық іс-шараларға назар аударылған. Әсіресе, жастар арасында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алу көзделген.
«Жастардың есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстардың құрбаны болмауына мән берілді. Осы мақсатта жастар мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын насихаттаған 671 іс-шара өткізілді. Есірткі және психотроптық заттардың таралуына қатысты ақпаратты қамтитын контенті бар 108 сайт пен басқа ресурстар бұғатталды» деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін БҚО тұрғыны 600 доза есірткімен ұсталғанын жазған едік.