Атырау облысында былтыр табиғатты бүлдірушілерге 42 млрд теңге айыппұл салынған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Былтыр Атырау облысында қоршаған ортаны ластаушыларға салынған айыппұл көлемі 42 млрд теңгеден асқан. Осы кезге дейін айыппұлдың 26,1 млрд теңгесі өндірілген.

айыппұл
Фото: freepik.com

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің пікірінше, Атырау облысында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр.

– Атырау облысында қауіптілігі І санатқа жататын 83 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде қоршаған ортаны ластайтын негізгі компаниялар қатарына «Теңізшевройл», «NCOC», «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Атырау ЖЭО» АҚ еніп отыр. Былтыр қоршаған ортаны қорғау заңдылығының сақталуына 45 мәрте тексеріс жүргізілді. Тексеру қорытындысымен 101 заңбұзушылық анықталды. Табиғаттың тазалығын бүлдіргендерге 42 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Айыппұлдың 26,1 млрд теңгесі өндірілді, - деді Жомарт Әлиев.

Оның мәліметінше, 5 компанияға ауа сапасын бақылау үшін автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату көзделген. Қазір бұл жүйенің 4-еуі іске қосылған.

– Еліміздегі өзекті мәселенің қатарында қалдықтарды өңдеу де бар. Өңірде 168 заңсыз қоқыс орны аныықталды. Осы кезге дейін оның 125-і жойылды. Қазір 7 компания қалдықтарды өңдеу және сұрыптау жобаларын жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 7 млрд теңгені құрайды, -деп мәлім етті Жомарт Әлиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін экологиясы нашар Атырау облысында жасыл желек қашан көбейетінін хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар