Атырау облысында екі компания мемлекет иелігіндегі жерді заңсыз басып алған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында екі компанияның мемлекет иелігіндегі жерді заңсыз басып алғаны анықталған. Ал бір компания топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алған.

 Атырау облысында 22 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Атырау облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінен мәлім еткендей, Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылының маңайында жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

«Тексеру кезінде «А» ЖШС-нің топырақтың құнарлы қабатын заңсыз сыдырып алып, жоюға қатысты дерек анықталды. Осыған байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 337-бабының 1-бөлігімен «А» ЖШС-ға 3 млн 692 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Серіктестікке жер заңдылығының талабын бұзу дерегін жою туралы нұқау берілді. Бұл нұсқау міндетті түрде орындалуға тиіс», - деп хабарлады өңірлік департаменттен.

Сондай-ақ, құқық белгілейтін құжаттарсыз мемлекет иелігіндегі жерді заңсыз басып алу фактілері анықталып отыр. Осы дерекке қатысты «C» және «А» ЖШС-ға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабына сәйкес әкімшілік істер қозғалған. Аталған серіктестіктерден жалпы сомасы 369 мың теңгеден асатын айыппұл өндірілді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мұнай компаниясы мемлекетке 673,1 млн залал келтіргенін хабарлаған болатынбыз.