Атырау облысында экологиялық заңнаманы бұзған серіктестікке 37 млрд теңге айыппұл салынды

айыппұл
Фото: freepik.com

Атырау облысында экологиялық заңнама талабын бұзатын компаниялар азаймай отыр. Сондай компанияның біріне 13 мың 108 тонна мұнай қалдығы үшін 37 млрд теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қауіпті қалдықтар айналымы саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізілген. Талдау нәтижесімен «Oxygenator» ЖШС «Сағыз» полигонында 13 108 тонна мұнай қалдықтарын экологиялық рұқсатсыз жинақтағаны анықталып отыр.

«Бұл – Доссор кентінде тұратын 20 мыңнан астам тұрғынның денсаулығына тікелей әсер ететін өрескел дерек. Полигон аумағында мұнай шламдарын қайта өңдеу бойынша тиісті жабдық болмаған. Соған қарамастан, серіктестік 2022-2023 жылдары мұнай компанияларына қызмет көрсетуді жалғастырған. Осыған байланысты Атырау облысының прокуратурасы уәкілетті органға тексеру жүргізуді тапсырды. Тексерудің нәтижесімен серіктестікке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігімен (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасақталды. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен серіктестікке 37,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды», -деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметінен.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда табиғатты ластайтын кәсіпорындар электронды түрде бақыланатынын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Атырауда заң бұзған екі кәсіпорын 735 млн теңге айыппұл төлегенін хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram