Атырау облысында ерлі-зайыпты жол апатынан мерт болды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында екі көлік соқтығысып, салдарынан 2 адам мерт болды.

Атырау облысында жол апатынан ерлі-зайыпты жолаушы мерт болды
Фото: Polisia.kz

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол көлік оқиғасы кеше, 12 маусым күні болған.

«Күндізгі сағат 14:50 шамасында Атырау-Ақтөбе тас жолының 454-шақырымы тұсында екі көлік соқтығысты. Жол апатына ұшыраған көліктің бірі – Kia Rio, екіншісі – DAF жүк көлігі. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Kia Rio автокөлігінің екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, аталған жол апатынан ерлі-зайыпты көз жұмған. Жол апатына айланысты полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс құжаттарын жинақтауға кірісті.

«Мұндай жол-көлік оқиғасының басты себебі арнайы ережені сақтамаудан туындайды. Аталған жол-көлік оқиғасы туралы айтатын болсақ, Kia Rio автокөлігінің жүргізушісі соңғы 1 жыл ішінде 4 рет жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзғаны анықталды. Осындай себепке байланысты көлік жүргізушілерінен жол ережесін қатаң сақтауды сұраймыз», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жол апатынан бір адам оқиға орнында, жүргізуші жедел жәрдем көлігінде көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар