Атырау облысында кәмелетке толмаған жасөспірім суицид жасаған

өзіне қол жұмсау
Фото: Pexels

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында кәмелетке толмағандар құқығын қорғайтын 11 комиссия бар. Былтыр бұл комиссияларда 1 624 мәселе қаралған. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен арнайы комиссияда кәмелет жасына толмаған балалардың ісі мен құқығын қорғау мәселесі талқыланды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтің айтуынша, жасөспірімдердің сабақтан тыс кезде құқық бұзушылық жасайтыны анықталып отыр.

«Биыл Жылыой ауданында кәмелет жасына толмағандар арасында бір суицид пен 2 құқық бұзушылық тіркелді. Осыған байланысты басқарма мамандарының аталған аудандағы № 8, 9 және 18 орта мектептегі тәрбие жұмысын зерделеуі кезінде бірқатар кемшілік анықталды. Білім ордаларында нормативтік-құқықтық құжаттамалар талапқа сай жасақтамаған. Сынып жетекшілерінің, психологтар мен әлеуметтік педагогтердің, тәлімгерлердің кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға байланысты бір де бір отырыс жоспарланбаған. Жасөспірімдердің құқығын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының мониторингісі шығарылмаған. Өткен екі оқу тоқсанында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бір де бір сынып сағаты өтпеген», -дейді Ерлан Сламбеков.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің мәліметінше, жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 6,4%-ға төмендеген.

Ал, қылмыстың басым бөлігін 18 жасқа толмаған жасөспірімдер жасаған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары қаласындағы жаппай төбелесте жарақат алған бір жасөспірім көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар