Атырау облысында кәсіпкерлердің 153 млн теңгеге бағаланған мүліктік құқығы қорғалды

Атырау облысы
Фото: Алина Тулеубаева / Kazinform.

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында шағын және орта бизнес өкілдері сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, салық, мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіп кешені секілді салаларда қиындыққа тап болып отыр. Осыған орай былтыр кәсіпкерлерден 111 өтініш түскен. 

«Атамекен» ҰКП Атырау өңірлік филилалы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың мәліметінше, кәсіпкерлер кездесетін 6 қиындық анықталған.

«Біздің басты мақсатымыз — кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Мәселен, бизнес өкілдерінің проблемалық мәселелері сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, салық, мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіп кешені және басқа салаларда жиі туындайды. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының жалпы сомасы 153 млн теңгеден асты. Шағын және орта бизнесте 6 жүйелі проблема анықталып отыр. Оның екеуі республикалық деңгейде, төртеуі облыстық деңгейде шешуді қажет етеді. Осы кезге дейін екі мәселе оң шешімін тапты, төртеуі әлі қаралып жатыр», - дейді Сәрсенбай Жолдыбаев.

Оның айтуына қарағанда, проблемалық мәселелер өңірлік палата жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте талқыланады.

Былтыр кеңестің 9 отырысында 22 мәселе қаралған.

«Былтыр 18 мәселе бизнес өкілдерінің пайдасына шешілді. Исатай, Индер және Махамбет аудандарында көшпелі отырысы өткізіліп, ауыл кәсіпкерлерінің проблемалық мәселелері қаралды. Кеңес отырыстарының қорытындысымен 1 лауазымды тұлға тәртіптік, 2 лауазым иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлім етті Сәрсенбай Жолдыбаев.

Өңірлік филиал мамандары бизнес субъектілеріне қатысты сотта қаралған істерге қолдау көрсетіп отыр. Былтыр заңгерлер талап арыздар, апелляциялық және кассациялық шағымдар жобаларын дайындап, 10 сот отырысына қатысқан. Қаралған істердің 6-уы бизнестің пайдасына шешілген. Ал, 3 іске байланысты бас тартылған, 1 іс әлі қаралып жатыр. Сотта кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 9 млн теңгеден асқан.

Еске салалық, бұған дейін Атырауда бір жылда тұтынушылардың 36 млн теңгесі кері қайтарылғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар