Атырау облысында көктайғақтан 50-ден астам жылқы өліп қалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқала ауылында 50-ден аса жылқы өліп қалды. Қаңтарда жаңбырдан кейін қар жауып, жердің беті мұздақ болып қалған. Түзде жайылған түліктің өліміне осы жағдай себеп.

БҚО-да бір үйір жылқының сорға батып өлгені рас па — әкімдік жауап берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Аудандық әкімдік берген ресми ақпаратқа сүйенсек, округтегі учаскелік ветеринар дәрігерлермен акт жасақталып, жылқылардың өлексесі ресми тіркелмеген.

— Аудан әкімдігі арнайы техникалар арқылы мал азығын тасымалдау жұмыстарын жүргізу үшін өндірістік кәсіпорындармен сөйлесіп жатыр. Мал бағып отырған азаматтардың арасынан қажетті мал азығын сатып алу үшін оператор тағайындау арқылы бұл жұмысты жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тұрақты бақылау жүргізілуде, — деді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов.

Осы ауданға қарасты Зинеден ауылында қазір 65 ірі қара ауырып тұр. Шаруашылықтардағы мүйізді ірі қара арасында жұқпалы ауру белгілері байқалып, ауырып тұрған малдардан сынамалар алынған. Кейін Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» РМК зертханасына жолданған.

Нәтижесінде сиырлардан диарея және инфекциялық ринотрахеит ауруы анықталды. Ветеринарлардың сөзінше, бүгінде бұл ауылда мал өлімі тіркелмеді, елдімекенге малды алып келуге және кетуге тыйым салынған.

— Осыған байланысты Исатай аудандық аумақтық инспекция басшысының ұсынысымен Зинеден ауылдық округі әкімі шешімімен ауылдық округ аумағына шектеу іс-шаралары белгіленді. Ошақ аумағында «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ Атыраудағы мамандары аула-қораларды дезинфекциялап жатыр. Сонымен қатар «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» мекемесі, аудандық аумақтық инспекция, ветеринариялық станса мекемесі мамандары ауыл тұрғындарымен кездесіп, қазіргі эпизоотиялық жағдай, қабылданып жатқан шаралар және сақтық талаптары туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деді Исатай аудандық ветеринария стансасының басшысы Асыланбек Шәріпов.

Мамандардың айтуынша, ауру малдар ем қабылдап жатыр, жағдайлары бақылауда. Ауру қоздырғыш ауа арқылы, жанасу жолымен немесе азық-шөп арқылы таралуы мүмкін. Залалсыздандыруға арналған препараттар — тегін, ал симптоматикалық емдеуге қажетті дәрі-дәрмектерді мал иелері өз қаражаты есебінен сатып алуда.

Бұл ауыл Құрманғазы ауданымен шектескен. Мұндай жағдай осыған дейін сол аудандағы 4 ауылдық округте тіркелгенен жазған едік.

Исатайлық шаруалар мал азығын негізінен өзге аудандардан сатып алады. Олар «малдың азығы мол болса, осындай қыстан малды алып шығуға болады. Субсидия берілмегендіктен шаруаларға мал бағу қиындады. Өйткені, шөп пен жем бағасы қалтаға айтарлықтай салмақ салады» деген пікірде.

2024 жылдан бері облыс аумағында шаруаларға мал азығы үшін субсидия берілмеген. Мұндай шешімді осы жылдың басында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев былай түсіндірген еді.

— 2024 жылдан бастап жемшөп субсидиясы міндетті субсидия тізімінен алынып қалды. Жергілікті атқарушы орган шөп өспей, төтенше жағдай болса ғана шаруаларды қолдай алады. Осы мәселеге қатысты комиссия құрылып, тақырып терең талданды. Қазір облыста жаппай шөптің өспей қалуы сияқты жағдай жоқ. Тасқынға дейінгі жылдармен салыстырғанда судың көп келуіне байланысты көп жерлерде шөп мол өсті. Бүгінде бұл бағытқа қаржы бөлу — тиімсіз. Биыл мал азығына берілетін субсидия бюджетте қарастырылған жоқ, — деді аймақ басшысының орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Айта кетейік, Исатай ауданында 2025-2026 жылға арналған мал қыстату кезеңіне 80,5 мың тонна пішен дайындалған. Оның 10 мың тоннасы алдыңғы жылдан қалған. Ал 70,5 мың тонна мал азығының 49,2 мыңы сырттан жеткізілді. Олар: Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары және көршілес Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарынан. Ал 21,7 мың тоннасы ауданның өз аумағында — құм өңірі, теңіз жағалауы және қатқыл бойдағы шабындықтарда дайындалды.
Қазіргі уақытта теңіз жағасынан, Құрманғазы ауданынан тасымалданатын шөп орамы 9 000 теңге болса, Қызылқоға өңірінен әкелінген шөптің құны 12 000-13 000 теңге шамасында.

Аудан әкімдігі осы жылы елдімекендердегі тұрғындардың, шаруагерлердің алдағы қысқы маусымда ауа-райының қолайсыздығы туындаған уақытта резервке мал азығын сақтау үшін Ангар немесе арнайы жабдықталған орынжай дайындау жоспарлануда.

— Коммуналдық меншікке мал азығын тасымалдау үшін арнайы Камаз автокөлігін де сатып алу жоспарда бар. Бұл жоба жаз мезгілінде жемшөпті төмен бағада сатып алып, қыс мезгілінде мал иелерін қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталатын болады», -деп хабарлады аудан әкімдігі.

Осыған дейін ШҚО-ның 8 ауданында субсидия алған шаруагерлер міндеттемелерін орындамағаны жөнінде жаздық.

Сондай-ақ Алматы облысында 89 млрд теңгеге үй жануарларына жемшөп өндіретін зауыт салынатынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар