Атырау облысында көктемгі су тасқынына дайындыққа 2,3 млрд теңге бөлінген

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында көктемгі су тасқынына дайындыққа 2 млрд 374 млн теңге қарастырылып отыр. 

 су тасқыны
Фото: Қарасай ауданының әкімдігі

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Шариевтің мәліметінше, төтенше резервке 1 млрд 358 млн теңге, шұғыл шығындарға 1 млрд 16 млн теңге жұмсау көзделген.

«Атырау облысының аумағында 2024 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық, ықтимал залалды азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Сол жоспарға сәйкес су тасқынының салдарын жоюға 17 тонна жанар-жағар май, 48,5 тонна инертті материалдар, 25 мыңнан астам қапшық, 69 шатыр, 5 мыңнан астам төсек жабдығы әзірленді», - дейді Руслан Шариев.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Асыланбек Хафизұлының айтуынша, көктемгі су тасқыны Жайық, Ойыл, Қиғаш, Жем және Сағыз өзендерінің жоғары бөлігіне жауған қардың мөлшеріне байланысты болады.

«Көктемгі су тасқыны су айдындарының жағалауындағы елді мекендерге қауіп төндіреді. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Жайық өзеніне Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы Ириклинск су қоймасынан мөлшерден тыс артық су жіберілуі мүмкін. Екіншіден, Жайыққа басқа өзендерден көп мөлшерде су құйылатынын жоққа шығаруға болмайды. Ресейдің Волгоград облысындағы Волгоград су қоймасынан мөлшерден тыс артық су жіберілсе, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш, Шора өзені мен сағаларында су тасқыны қаупін туғызады. Қазір Атырау облысының аумағында су тасқыны қаупі жоқ», - дейді Аслынбек Хафизұлы.

Оның дерегіне қарағанда, су тасқынының алдын алу үшін 1 153 адам тартылады. Қазір 303 техника, 16 жүзу құралы мен 107 мотопомпа дайын тұр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Ноғайты өзенінің арнасы көтеріліп, тағы бір ауылда сай тасып жатқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар