Атырау облысында көші-қон заңын екі мәрте бұзған шетелдік елден шығарылды

Атырау облысында көші-қон заңдылығын екі мәрте бұзған шетелдіктің ісі сотта қаралды. Сот қаулысымен шетелдік елден шығарылды, деп хабарлайды Kazinform.

Мигранты
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Атырау облысының Махамбет аудандық сотында Өзбекстан Республикасының азаматына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Көрші елдің азаматы көші-қон саласындағы заңдылықты екі мәрте бұзған.

– Өзбекстан Республикасының азаматы Ю. бұрын еліміздің көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда, Ю. 2023 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасының аумағына жеке мақсатпен келіп, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз ЖШС-ға жұмысқа орналасқан. Сөйтіп, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот әкімшілік істі қарау кезінде шетелдіктің жасы 63-те екенін ескерді. Шетелдікке әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылған жоқ. Сот қаулысымен Өзбекстан Республикасының азаматы Ю. кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Өз елінде алимент төлеуден қашып жүрген шетелдік Атырауда ұсталғанын жазған болатынбыз.

Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзған 200-ге жуық шетел азаматы анықталды.

Шетелдіктің бірі – 1984 жылғы азаматтың түнгі мезгілде қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін ұсталды. Тексеру кезінде оған Өзбекстан Республикасында алимент төлеуден жалтарғаны үшін халықаралық іздеу жарияланғаны анықталды.