Атырау облысында қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін газ-химия кешені салынады 

Қытай мен Қазақстан
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Қытай - шикізат өндірісі мен тасымалында белсенді одақтас. Көрші ел үшін шикізат көздері экономиканың басты қозғаушы күші саналатыны белгілі. 2 шілдеде Астанада өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 7-ші отырысында бірнеше коммерциялық құжатқа қол қойылды. Солардың бірі – Терефтал қышқылын өндіру жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен SINOPEC арасындағы келісім. 

Енді тараптар көп ұзамай Атырау облысында «Силлено» жобасын бастайды. Қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге жететін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу үшін түпкілікті инвестициялық бюджетті келісу ниетін растады. Құжатқа «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «СИБУР» ЖШҚ басқарма төрағасы – бас директоры Михаил Карисалов және Sinopec директорлар кеңесінің төрағасы Юншэн Ма қол қойған.

Бұл жоба мұнай-газ химиясы саласын дамытудағы маңызды қадам болғалы тұр. Оны іске асыру ел экономикасына мультипликативті әсер беріп, жалпы ішкі өнім көрсеткішінің 1,2 пайызға өсуіне мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ полиэтиленнен жасалған бұйымдар өндіру саласында шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сайып келгенде, ел экономикасын дамытуға үлкен серпін болуға тиіс. Мәселен, құрылыс кезеңінде барлығы 8 мыңға жуық, зауыт іске қосылғанда 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Полиэтилен күнделікті өмірде, құрылыс саласынан бастап медицина бұйымдарын жасауда жиі қолданылады.

Кезекті құжат – «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жобасын ілгерілету жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CITIC Group арасындағы өзара келісім. Қос тарап қазір жобалау жұмыстарын бастап кеткен.

«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің дерегінше, ұлттық компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов CITIC Group қытай компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Си Гуохуамен және CITIC Resources Holdings Limited бас атқарушы директоры Хао Вэйбаомен кездесіп, мәселені жан-жақты талқылаған.

Өткен жылы Қытайдың NJPEC институты жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, зауыттың техникалық аудитын жүргізген. Биыл мамырда құрылыс бойынша РС-келісімшарт жасалыпты. Зауыт 2025 жылы іске қосылмақ.

Соңғы жаңалықтар
telegram