Атырау облысында күкірт тиелген вагондар теміржолдан шығып кетті

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жүк пойызының 7 вагоны теміржолдан жартылай шығып кетті. Вагондарға күкірт тиелгені анықталып отыр.

Пойыз
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға бүгін, 14 ақпанда болған. 

«Бүгін, 14 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 03:25-те Жылыой ауданы, Құлсары теміржол стансасына қарасты №11-теміржолда жүк пойызының вагондары рельстен жартылай шығып кеткені тіркелді. Жүк вагондарын алып келе жатқан тепловоздың «Теңізшевройл» ЖШС-ға тиесілі екені анықталды. Жүк пойызының құрамында 62 вагон болған. Күкірт тиелген вагондардың 7-еуі рельстен жартылай шығып кетті», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Рельстен шығып кеткен вагондардан күкірт төгілмеген. Ешкім зардап шекпеген. 
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін Мақат ауданынан арнайы пойыз жолға шықты.

Пойыз
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында қатты жел бірнеше нысанның шатырын ұшырғанын хабарлаған едік.