Атырау облысында мал іздеуге шыққан 3 адам жоғалып кеткен
Атырау облысында 3 адам мал іздеуге шығып, хабар-ошарсыз кеткен. Олар бүгін таңда аман-есен табылды, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл деректі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы растады.
Кеше, 9 қаңтарда Индер ауданының орталығы — Индербор кентінен үш адам мал іздеуге шыққан. Алайда, олар кері оралмаған.
«Мал іздеуге шыққан үш адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы 9 қаңтарда сағат 23:05-те хабар келіп түсті. Осыған байланысты Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкеркерлері жедел іздестіру-құтқару жұмыстарына тартылды. Жоғалған 1977, 1984 және 1990 жылғы сол күні сағат 08:00-де «Toyota Land Cruiser-100» маркалы автокөлікпен Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы, Жанама ауылына қарай мал іздеуге шыққан. Алайда, олар кері оралмаған, байланысқа шықпаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Бүгін, 10 қаңтарда іздестіру-құтқару жұмыстары сәтті аяқталды. Таңғы сағат 05:20 шамасында жоғалған адамдар «Аю» қыстағының маңынан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Олар медициналық көмекті қажет етпеді. Аю қыстағы Индербор кентінен 35 шақырым қашықтықта орналасқан.
«Біз мал іздеуге шыққан едік. Жол құрғақ емес. Кей тұсында балшық бар. Автокөлігіміз батпақты жерге батып, істен шықты. Мобильді байланыс телефонының қуаты таусылып, хабарласу мүмкін болмады. Бізді тез арада іздеп тауып, аман-есен елді мекенге жеткізген құтқарушыларға алғыс білдіреміз», - дейді табылған адамның бірі.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 5 қызметкер мен 1 техника, аудандық полиция бөлімінен 2 қызметкер мен 1 техника тартылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында құтқарушылар былтыр 172 адамды құтқарғанын жазған едік.