Атырау облысында мас күйінде қоғамдық орында жүрген 4433 адам ұсталған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері 4433 адамның қоғамдық орында мас жүргені анықталды. Қазір маскүнемдікке салынған 1342 адам арнайы есепке тұр.

алкоголь
Фото: Pexels

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қоғамдық орында мас жүргендер үшін бірнеше әкімшілік жаза қаралған. Жазаның бірі –айыппұл салу, екіншісі — әкімшілік қамауға алу.

«Қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің салдары бар. Біріншіден, өзге адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Екіншіден, бұл қоғамдық тәртіптің бұзылуына соқтырады. Атырау облысында жыл басынан бері қоғамдық орындарда мас күйінде жүру және ішімдіктерді тыйым салынған жерде ішуге байланысты 4 433 дерек тіркелді. Ал, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабында көзделген алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарды бұзушыларға 132 хаттама толтырылды. Бұл арнайы ережелерін бұзып, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан. Кейбір сауда нүктелерінде алкоголь өнімдері лицензиясыз сатылғаны анықталды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір Атырауда алкогольді көп ішетін 1342 адам профилактикалық есепке алынған. Ал, 42 адам маскүнемдіктен емделу үшін арнайы мекемеге орналастырылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері көлік рөліне отырған 732 мас жүргізуші ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар