Атырау облысында медициналық қызметке шағым көп – Үкімет басшысы

мед
Фото: pixabay.com

Атырау облысында медициналық қызметтің қолжетімділігіне шағым көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірде алғашқы көмек көрсететін 18 нысанды жаңғырту қажет. Ал тұрғындар тарапынан медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасына және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты шағым көп түседі. Әкімдік қандай іс-шаралар қолдануда», - деп сұрады Үкімет басшысы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтен.

Өңір әкімінің айтуынша, облыс тұрғындарынан денсаулық сақтау жүйесіне қатысты 406 арыз-шағым түскен. Талдау оның 74-інің негізді, 73-і ішінара негізді екенін көрсеткен. 259-ы негізсіз болды.

«Жиі кездесетін мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көмек ала алмау. Оның ішінде мынадай мәселе бар. Арызданушы жұмыс жасайды. Бірақ, жұмыс беруші уақытында жарнасын төлемейді. Кейбір жағдайда жұмыс жасағанымен тексеруден өтуге келгенде медициналық хаттамаларға байланысты ондай дагностиканың көзделмеуі кездеседі», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол екінші мәселе ретінде дәрі-дәрмек проблемасына қатысты мән-жайды ашып айтты.

«Тегін дәрі-дәрмекпен қатар олардың баламалары бар. Арызданушылар сол баламасын сұрайды. Бірақ, ол тізбеге кірмегендіктен берілмейді. Үшінші мәселе порталға қатысты. Яғни, дәрігерге жазылу уақытының созылуы немесе ұзақ күту. Қазірдің өзінде сақтандырылмаған адамдардың саны жылдан жылға азайып келеді. Себебі негізгі жұмысымызды осы бағытта жүргізіп жатырмыз», - деді Серік Шәпкенов.

Соңғы жаңалықтар
telegram