Атырау облысында мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасы орындалмаған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасы толық орындалмай отыр.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Әбілқасымовтың мәліметінше, жұмыс берушілерден мүмкіндігі шектеулі жандар үшін вакансия бөлу сұралған.
«Жыл басында жұмыс орындары бойынша жоспар бекітіліп, квота бөлінген еді. Алайда, оны орындамайтын мекемелер бар. Қазір сондай кәсіпорындардың тізімі жасақталып прокуратураға, мемлекеттік еңбек инспекция басқармасына жолданды», - дейді Еркебұлан Әбілқасымов.
Оның айтуына қарағанда, жыл басынан бері 735 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қайтарымсыз 18 грант берілген. Сондай-ақ 130 мүгедек «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік курсына жіберілген.
«Биыл жыл басынан бері 219 адам тұрақты жұмысқа, 290 адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. Ал, 12 түлек жастар тәжірибесіне жіберілді. «Күміс жас» жобасымен егде жастағы 30 еңбеккер жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. «Ұрпақтар келісім-шарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларымен 6 жас еңбекке араласты», - деп мәлім етті Еркебұлан Әбілқасымов.
Еске сала кетедік, бұдан бұрын Атырауда рұқсатсыз жұмыс істеген 13 шетелдік 92 мың теңгеден айыппұл төлегенін хабарлаған едік.