Атырау облысында Ойыл өзенінің суы жайылма мен сай-жыраларға ағып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының аумағымен 3 өзен ағып өтеді. Бұл – Ойыл, Сағыз және Ноғайты өзені. 

Атырау облысында Ойыл өзенінің суы жайылма мен сай-жыраларға ағып жатыр
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабының мәліметінше, аудан орталығы – Миялы ауылының тұсында Ойыл өзеніндегі судың деңгейі 2 сәуірде -2 см төмендеген. Өзендегі су бүгін, 3 сәуірде -6 см-ге түсіп, 556 см көрсетіп тұр.

Сағыз өзенінің суы Сағыз ауылының маңында төмендегені байқалған. Ал Ноғайты өзеніндегі судың деңгейі бірқалыпта сақталып тұр. 

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуына қарағанда, тасқын судың қаупі төнетін учаскелер жоқ. Өзендердегі су арнасымен ағып, жайылым мен шабындыққа шығып жатыр. 

– Мәселен, 28 ақпаннан бүгінге дейін Ералы су торабы арқылы 250 миллион текше метрге жуық су өтті. Ал қазір 3 өзенге су келіп жатыр. Бірақ судың деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмен. Ойыл өзенінің аудан аумағындағы ұзындығы – 276 шақырым. Өзеннің тайызданып қалған 100 шақырым арнасын тазалау жұмысы жүріп жатыр. Ералы су торабының 6 қақпасының бәрі ашық тұр. Бұл тораптан 1 метр 70 см деңгейінде су ағып жатыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3 метрге жеткен еді, - дейді Қанат Әзмұханов. 

Әкімнің мәліметінше, су тасқынының алдын алу мақсатында өзендердің 7 шақырым арнасы кеңейтілген. Бұл жұмыс су деңгейі бір қалыпқа түскеннен кейін қайта жалғасады. 

– Елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 54 шақырым бөгет соғылды. Сағыз ауылының ортасымен өтетін Ноғайты өзенінің жағалауына 5 шақырым бөгет салынып, 1 шақырым арнасы тереңдетілді. Мұндай жұмыс Сағыз өзенінің жағалауында да жүргізілді. Жалпы тасқынға қарсы жұмыстарға 150-ге жуық адам мен 75 техника тартылды, - деп мәлім етті Қанат Әзмұханов. 

Миялы ауылының тұрғыны Айжан Изимованың пікірінше, былтырғы су тасқынынан кейін тұрғындар өзендердің арнасын тазартуды сұраған. 

– Тұрғындар былтырғы су тасқыны қайталанбағанын қалайды. Олардың бұл талабына сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жылы көктемгі тасқын су келгеннен кейін ауылдарға ауызсуды сағатпен беретін болды. Осындай жағдайды қайталамас үшін 8 тұщы су ұңғымасы қоршалды, - дейді Айжан Изимова. 

Қызылқоға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтыбек Төлегеновтің дерегіне қарағанда, тасқын судың қаупі сейілген. Дегенмен, су арналарының жағалауындағы бөгетте бақылау жалғаса береді. 

– Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 40-қа жуық қызметкер, 5 техника мен бір қайық көмекке келіп, кезекшілікке тартылған еді. Ойыл өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты бұл күш 2 сәуірде Атырау қаласына оралды. Бірақ аудандық бөлімдегі мамандар «Кенен» көпірі мен Құмөткел учаскесін жіті бақылап, екі сағат сайын ақпарат беріп отыр, - дейді Бақтыбек Төлегенов. 

Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, Миялы мен Жангелдин ауылының аралығындағы «Кенен» көпірінде жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылған. Бұл – тасқын судың қаупін азайту мақсатында қабылданған шешім. Алдағы уақытта аталған көпірдің орнына жаңасын салу жоспарланған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Жылыой ауданындағы елді мекендерді тасқыннан қорғау үш 3 деңгейлі бөгет салынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар