Атырау облысында референдумды 263 тәуелсіз байқаушы қадағалады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында референдум учаскелеріндегі дауыс беру барысын 263 тәуелсіз бақылаушы қадағалады.
«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» республикалық қоғамдық бірлестігі РҚБ Атырау облысы филиалының жетекшісі Дәурен Сейітқалиевтің айтуынша, тәуелсіз байқаушылар құрамына қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді жастар, сарапшылар мен қоғам белсенділері енген.
«Атырау облысында референдумда дауыс беру барысын тәуелсіз байқаушылар бақылап отырды. Олардың қатарында «Дауыс» қоғамдық бірлестігі атынан қатысқан байқаушылар да бар. Байқаушылар саяси науқандағы ашықтық пен дауыс беру тәртібінің қатаң сақталуына баса назар аударды. Біздің байқаушылар кешкі мезгілге дейін заңға қайшы іс-әрекетті тіркеген жоқ. Байқаушының бәрі заңнама және халықаралық стандарттарға сай келетін оқыту курстарына қатысып, сайлау, референдум секілді секілді саяси науқан барысын қадағалау үдерісін меңгерді», - дейді Дәурен Сейітқалиев.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Теңіз» кен орнында 10 мың жұмысшы 7 пунктте өз таңдауын жасағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атырау облысында 104 жастағы әже үйінде дауыс бергенін хабарлаған едік.
Ал, ауылдағы мектептің 11-сынып оқушысы референдумда алғаш рет дауыс берді.