Атырау облысында су тасқынымен күреске 673 техника және 7 мың ерікті жұмылдырылған

АСТАНА. KAZINFORM – Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев өңірдегі су тасқыны жағдайын баяндады.

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Қазгидрометтің» мәліметінше, өткен тәулікте Махамбет кентіндегі Жайық өзенінің гидропостында су деңгейі 45 см, Атырау қаласында – 36 см көтерілген. Жағалауды нығайту жұмыстарын күшейту үшін жергілікті атқарушы орган тапсырыс берген барлық жол, құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Сондай-ақ, ірі мұнай компанияларымен келіссөздер жүргізілді», - деді Р. Жұмағазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қала 107 учаскеге бөлінген. Шамамен 673 техника және 7 мың ерікті жұмыс істеп жатыр. Соңғы 3 күнде 42 км жағалауды нығайту бөгеттері салынып, 350 мыңнан астам қапшық төселген.

Жақын арада өңірге Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан қосымша ауыр техника келеді.

«Индер ауданында да осындай жұмыстар жүргізілуде, қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі 4,39 м құрайды, жағалауды нығайту жұмыстарына 74 техника мен 610 қызметкер жұмылдырылды. Махамбет ауданында – жалпы ұзындығы 80 км бөгет салынған, оның 64 шақырымы қайта құру мен күшейтуді қажет етеді. Бүгінгі таңда 37 км бөгет күшейтіліп, қайта жаңартылды, 12,8 км бөгет қайта салынды. Жылыой ауданы бойынша жағдай тұрақталды», - деді спикер.