Атырау облысында тасқын судың ортасынан 60 жылқы қауіпсіз аумаққа шығарылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы тасқын судың ортасынан 60 жылқы қауіпсіз аумаққа шығарылды.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, 60 жылқы тасқын судың ортасында қалған.
Тасқын су Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы №17 теміржол бекетінің тұсына жайылған. Бүгін төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тасқын судың ортасынан 60 бас жылқыны қауіпсіз жерге шығарды. Жылқының арасында 10 құлын болған. Қылқұйрықтының кейбірі батпаққа батқан.
Бұл жұмысқа өңірлік департаменттің 5 құтқарушысы, 1 қайық, 1 техника жұмылдырылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраулық құтқарушылар тасқын судың ортасынан 270 жылқыны қауіпсіз жерге шығарғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, кеше Атырауда тасқын су 100 метрге жуық бөгетті шайып кеткенін жазған едік.
Ал, бүгін Жайық өзеніндегі су деңгейі Махамбет ауданында 10 метрден төмен түскенін хабарладық.