Атырау облысында жағалауға 2,7 млн құм толтырылған қап төселді

су тасқыны
Фото: Орал қаласының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында тасқын судан қорғау үшін су айдындарының жағалауына 2,7 млн құм толтырылған қап төселді.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жедел штабтың жиынын өткізіп, тасқын суға қарсы жұмысты күшейтуді тапсырды. Әкімнің айтуынша, тасқын суға байланысты екі түрлі пікір қалыптасып отыр. 

«Қазір судың мүлдем келмейтіні туралы жағымды пікір бар. Алайда, қауіпті жағдайға соқтыруы мүмкін екені де айтылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті – барлық жағдайға дайын болу. Біріншіден, Батыс Қазақстан облысындағы жағдайды ескере отырып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын күшейту қажет. Тұрғындарда егер су келсе, нақты қандай қадамдар жасау керектігі туралы түсінік болуы керек. Екіншіден, Жайық өзенінің бойындағы қауіпті тұстарға тағы да мұқият талдау жүргізген жөн. Атырау қаласында ғана емес, Махамбет және Индер аудандарында да қажетті шараларды қабылдау қажет. Үшіншіден, салынып жатқан бөгеттің сапасы мен тығыздығына назар аудару қажет. Мамандар қажетті өлшеу мен сынақтарды жүргізіп, осал тұстарын анықтауы керек. Егер тасқын су әлсіз жер тапса, мыңдаған атыраулықтың, компаниялардың, жергілікті атқарушы органдардың орасан зор еңбегі зая болмақ», - деді Серік Шәпкенов. 

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін 512,2 шақырым бөгет салу жоспарланған. Қазір 462,88 шақырымға бөгет салу жұмысы жалғасып жатыр. Жағалауға құм толтырылған 2,7 млн-нан астам қап төселген. Бұл жұмыстарға 15 264 адам, 1 745 техника тартылған. 

Мәселен, 21 сәуірге дейін 221,1 шақырым бөгет тұрғызылған. Оған мекемелердің 1496 қызметкері мен 3 мыңғаға жуық ерікті, 993 техника жұмылды. 

Серік Шәпкеновтің пікірінше, арнайы бөлінген әр учаскеде кезекшілікті ұйымдастырылуы керек. Кезекшілікті алдын ала дайындаудың маңызы зор. 

«Белсенділер, ТЖД мамандары, әкімдік, полиция өкілдері қатарынан кімнің және қай учаскеге жауапты екені жөнінде алдын ала тізім жасалуы қажет. Учаскелерге баратын кезекшілерді барлық қажеттілікпен қамтамасыз еткен жөн», - деді Серік Шәпкенов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы бөгет құрылысына өзге өңірлерден жеткізілген техникалар тартылғанын жазған едік. 

Сондай-ақ, үш мыңға жуық сарбаз Жайық жағалауында бөгет салып жүргенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар