Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырау облысында жер қойнауын ұтымды пайдалану жұмыстары күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, мұнай-газ кен орындарын аралады, жер қойнауын пайдаланушылармен кездесті және отандық мұнай-газ жабдықтарын өндіруші кәсіпорындардың қызметімен танысты, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.

я
Фото: Энергетика министрлігі

Жұмыс сапарының алғашқы нысаны Теңіз кен орны болды. Вице-министр «Теңізшевройл» ЖШС басшылығымен жұмыс кеңесін өткізіп, өндірістік нысандарды аралады.

Кездесу барысында кен орнын игерудің ағымдағы жай-күйі, жобалық шешімдер мен геологиялық-техникалық іс-шаралардың орындалуы, игеру тиімділігі және көмірсутек қорларын ұтымды өндіру мәселелері қаралды.

Қабат қысымын ұстап тұру, мұнай мен газ өндіру динамикасы, ұңғымалар қорының жай-күйі, сондай-ақ қабатта жүріп жатқан процестерді неғұрлым нақты бағалау үшін кешенді геологиялық-кәсіпшілік зерттеулер жүргізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

– Бекітілген жобалық шешімдерді қатаң сақтау және жер қойнауын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті вице-министр.

Сол күні Ерлан Акбаров «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Теңізшевройл» ЖШС-мен ортақ аумақта орналасқан Батыс Қарасор кен орнына барды. Мұнда кен орнын игеру ерекшеліктері және оны одан әрі жете барлау мәселелері қаралды.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында вице-министр Қаратонға барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Жұмыс сапарының екінші күні Ерлан Акбаров Айранкөл кен орнына барды. Вице-министр кен орнын игерудің жай-күйімен, цифрлық шешімдердің қолданылуымен және әлеуметтік нысандармен танысты.

Қарсақ кен орнында жүргізіліп жатқан геологиялық-техникалық іс-шаралар, көлденең ұңғымаларды, оның ішінде көлбеу сағалы көлденең ұңғымаларды бұрғылау, сондай-ақ кен орнын игерудің рентабельділігін арттыру жөніндегі шаралар қаралды.

Сонымен қатар вице-министр Ескене кен орнына барып, жою жұмыстарының ағымдағы жай-күйімен танысты.

21 тамызда Атырау қаласында «ҚМГ Инжиниринг» филиалының алаңында вице-министрдің жер қойнауын пайдаланушылармен кездесуі өтті.

Кездесу барысында мұнай-газ компаниялары қызметінің өзекті мәселелері, келісімшарттық және жобалық міндеттемелердің орындалуы, геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі дамыту және кен орындарын игеру тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Ресурстық базаны жүйелі түрде толықтыру, заманауи технологияларды енгізу және игерудің соңғы сатысындағы кен орындарының тиімділігін арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Жұмыс сапарының қорытынды кезеңінде вице-министр ТШО, NCOC және «Ембімұнайгаз» АҚ өкілдерімен бірге Sigma Solutions, WIKA Kazakhstan, «АтырауНефтеМаш», «ЖигерМунайСервис» және KazBoltService отандық кәсіпорындарын аралады.

Кәсіпорындарда вице-министр өндірістік қуаттармен, технологиялық процестермен және мұнай-газ саласына арналған шығарылатын өнімдермен танысты.

– Отандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру және қазақстандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейту маңызды, – деп атап өтті Ерлан Акбаров.

Кәсіпорындарды аралау барысында отандық өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыру, жергіліктендірілетін өнімдер номенклатурасын кеңейту және қазақстандық компаниялардың ірі мұнай-газ операторларының сатып алуларына қатысу мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша кен орындарын игеру тиімділігін арттыру, ресурстық базаны толықтыру, жер қойнауын ұтымды пайдалану және отандық өндірушілердің мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, Атырауда 1 млрд теңгелік инвестициялық жобаны іске асыруға заңсыз кедергі жасалған.